Иллюстрация: ЖИ
Жасанды интеллект көмегімен жасалған туындының авторы деп танылу үшін адамның шығармашылық үлесі маңызды. Бұл туралы Қазақстанның әділет министрі Ерлан Сәрсембаев Atameken Business Channel арнасына берген сұхбатында айтты. Оның сөзінше, авторлықты растау үшін эскиздер мен түзетулерді сақтап қойған жөн (kursiv.media).
Министр адамның рөлін қалай түсіндіреді
Сәрсембаев нейрожеліні цифрлық құрал деп санайды. Ал адам туындының идеясын ойластырып, тапсырма береді және шыққан нәтижені өзгертеді. Министрдің сөзінше, туындыны жасауға осылай қатысу тіркеу кезінде өзін автор деп тануды сұрауға негіз болады.
«Әрине, нейрожелілер — шын мәнінде цифрлық құрал… Қалай болғанда да, түпкі ой, тұжырымдама, идея адамға тиесілі болып қалады. Яғни ол түзетеді, эскиздер жасайды, бірдеңе енгізеді, нейрожеліге тапсырмалар береді, солай ғой? Демек, адамның қатысуын көрсететін осының бәрі кейін тіркеу кезінде оған өзін белгілі бір туындының авторы деп тануды сұрауға мүмкіндік береді», — деді ол.
Бұл нейрожелілер көмегімен жасалған суреттер мен видеоларға да қатысты. Министр авторлықты танудың міндетті екі шартын атады.
«Біз… біріншіден, автор тек адам бола алатынын, екіншіден, авторлықты тану үшін адамның өз туындысына міндетті түрде шығармашылық үлес қосуы керегін негізге аламыз. Сонда ғана оның авторлығын тани аламыз», — деді Сәрсембаев.
Эскиздер мен түзетулерді неге сақтау керек
Министр адам нейрожеліге тапсырма беріп, сурет алған соң өзін автор деп тануға өтінім беретін жағдайға бөлек тоқталды. Оның айтуынша, мұндай өтінішті қарау кезінде адамның туындыны жасау барысына қосқан үлесі маңызды.
«Айталық, ол жасанды интеллект көмегімен қандай да бір тапсырманы жүктеп, белгілі бір сурет, белгілі бір туынды (өнер туындысы – Курсив) ала алады, солай ғой? Содан кейін өзін де автор болдым деп санап, бізге өтінім береді де, өзін автор деп тануды сұрайды… Бүгінде заңнама бұған жауап береді: мұнда адамның белгілі бір туындыны жасау кезеңіне қосқан үлесі қажет, сол маңызды», — деді ол.
Сәрсембаевтың түсіндіруінше, сақталған материалдар адамның жұмысқа қатысқанын растауға көмектеседі. Министр эскиздерді, нобайлар мен түзетулерді атады: шығармашылық үлесті дәлелдеу үшін оларды тіркеп, сақтап қою керек.
Бұл сіз үшін нені білдіреді
ЖИ көмегімен туынды жасасаңыз, министрдің сөзінше, эскиздеріңізді, нобайларыңыз бен өзіңіз енгізген түзетулерді сақтап қойған жөн. Бұл материалдар авторлық құқықты тіркеу кезінде шығармашылық үлесіңізді дәлелдеуге көмектеседі.
Әділет министрлігі авторлық құқық беру үшін адамның қатысу үлесі қанша пайыз болуы керегіне қатысты талаптар әзірлемек. Зияткерлік меншік туралы заңнамаға тиісті түзетулерді 2027 жылы енгізу жоспарланып отыр.