Шығармашылық индустриялар

Алексей Кирдяев: 21 маманның үшеуінде ғана өнімге қатысты соңғы сөз дизайнерде

Алексей Кирдяев

Скриншот: Алексей Кирдяев

Лондондағы финтех компаниясында өнім дизайнері болып істейтін Алексей Кирдяев Орталық Азиядағы 21 өнім маманынан сауалнама алып, алты сұхбат өткізді. Басты көрсеткіш: дизайн мен өнімге қатысты соңғы сөз тек үшеуінде ғана дизайнерде қалады. Қатысушылардың жартысына жуығы, 10 адам, Қазақстанда жұмыс істейді. Кирдяев нәтижелер мен өз пікірін raem.kz редакциясына берді.

21 маманның үшеуі ғана өзі шешеді

Дизайн мен өнімге қатысты дауда соңғы шешімді әдетте кім қабылдайды деген сұраққа алты адам CEO немесе бизнес басшысы деп жауап берді. Тағы алтауы «жобаға байланысты» деді. Өнім менеджерін үшеуі, дизайнерді немесе дизайн жетекшісін де үшеуі таңдаған. Екі адам команда деректерге сүйеніп, бірлесіп шешетінін айтқан. Бір қатысушы: «әдетте өнім менеджері шешеді, бірақ мәселені жоғары басшылыққа шығаруға болады» деп жазған.

«Бұл сан мені де ойландырды, өйткені қасында тағы бір көрсеткіш бар: дизайнерлер өнімге ықпалын орта есеппен 5-тен 4 деп бағалаған. 1 мен 2 деген баға мүлде болған жоқ. Демек, дизайнер ықпал етеді, бірақ соңғы шешімді басқа біреу қабылдайды», — дейді Кирдяев.

Ол мұның себебін шешімдердің неге сүйеніп қабылданатынынан көреді. 21 адамның 17-сі дизайнердің сарапшы ретіндегі пікірін, 7-еуі A/B-тесттерді негіз ретінде атаған. «Дау „бір пікірге қарсы екінші пікір“ деңгейінде жүрсе, лауазымы жоғары адам жеңеді. Бұл қисынды», — дейді ол.

Сұхбаттарда мұны әркім әрқалай сипаттаған. Қырғызстандағы ірі банктің B2B бағытының өнім дизайнері басшылыққа қатаң бағынатынын айтқан: «Жоғарыда біреуге бірдеңе ұнамаса, қайта жасаймыз». Өзбекстандағы медтех компаниясының директоры нұсқалардың арасынан таңдауды әдетте командаға қалдырады.

Командалардың үштен бірінде зерттеу жоқ

21 қатысушының 7-еуінде пайдаланушыларды жүйелі зерттеу жоқтың қасы. Тағы бесеуінде мұны көбіне дизайнерлердің өзі жасайды, төртеуінде бөлек зерттеушілер командасы бар. 7 адам шешім қабылдауға негіз болатын құралдардың арасында өнім аналитикасын да, A/B-тесттерді де атамаған.

21 адамның 10-ы тапсырма қойылып болған соң қосылады: төртеуіне дайын техникалық тапсырма, алтауына тұжырымдалған мәселе беріледі. Қалған 11 адам жұмысқа ертерек араласады.

Зерттеуге бюджет болмаса, дизайнерлер қолда барын пайдаланады: бәсекелестерден мысал алады немесе әріптестеріне үш нұсқа көрсетеді. Кирдяев ең ұтымды тәсілді Өзбекстандағы финтех компаниясында жалғыз дизайнер болып істейтін маманнан естіген. Ол өнім менеджерімен жарты сағат дауласады да, кейін ЖИ көмегімен жұмыс істейтін макет құрастырып, ұсынылған тәсілдің неге іске аспайтынын көрсетеді. «Жай пікірмен дауласқаннан гөрі, жұмыс істеп тұрған экранмен дауласу қиын», — дейді Кирдяев.

Тағы бір оқиға Қазақстандағы банкте болған. Банк ішінде жұмыс істейтін финтех агенттігінің дизайнер-техлиді дизайн басшысымен бірге дизайнерлер мен өнім менеджерлерінен сауалнама алған. Сөйтсе, менеджерлер дизайнерлерден бастама күткен, ал дизайнерлер өздеріне бастама көтеруге мүмкіндік бермейді деп ойлаған. Өнім менеджерлері жұмысты талқылауға аналитиканы өздері әкеле бастағанша екі жылдан астам уақыт кеткен.

Онлайн-касса формасын қолайсыз күйінде қалдыруға тура келген

21 адамның 15-і дизайнға ең көп әсер ететін фактор ретінде реттеушілердің талаптары мен заңнаманы атаған. Бұл пайдаланушылардың мәдени ерекшеліктерінен (13), QR мен аударым секілді төлем әдеттерінен (12) немесе көптілділіктен (11) көп. Кирдяев мұның ішінара іріктемеде бір сала мамандарының басым болуынан екенін ескертеді. 12 қатысушы финтех пен банктерде жұмыс істейді, олардың 11-і реттеу талаптарын атаған.

Ең айқын мысал Қазақстаннан шыққан. Онлайн-кассалар мен фискалдық деректер сервистерін жасайтын мердігердің жалғыз дизайнері ұзын форманы үш қадамға бөлген. Әзірлеу кезінде бұлай жасауға болмайтыны анықталған: мемлекеттік API-ларды қатаң ретпен шақыру керек, ал қадамдар арасында деректерді сақтау мүмкін емес. «Сондықтан форма осындай болады, иә, қолайсыз болады», — деген ол.

«Менің түйгенім: реттеу талаптары — кедергі емес, дизайн жасауға негіз болатын материал. Оларды әзірлеуге тапсырар кезде емес, жұмыстың басында білу керек», — дейді Кирдяев.

ЖИ әзірлеушілерді жеделдетті, дизайн ілесе алмай қалды

21 қатысушының 16-сы соңғы үш жылда командалары ЖИ құралдарын белсенді қолдана бастағанын айтқан. 15 адам алдағы екі-үш жылда мамандықты бәрінен қатты өзгертетін ЖИ деп санайды. Сауалнамада дизайнерлердің өзі ЖИ-мен қаншалықты жиі жұмыс істейтіні туралы бөлек сұрақ болмаған.

Қатысушылардың айтуынша, ЖИ қазірдің өзінде мәтін жазуға, техникалық тапсырманы қысқаша түйіндеуге, сауалнама сұрақтарының алғашқы нұсқаларын дайындауға, аударуға және паттерндер іздеуге кететін уақытты үнемдейді. Сұхбаттасушылардың бірі, сол Өзбекстандағы финтех дизайнері, ЖИ-ді тапсырмаға кіріскен сәттен қолданады. Ол тапсырманы бірден Claude-қа береді, ол HTML-прототип жасайды, ал талқылаудан кейін экрандарды Figma-ға орналастырады.

Қиындықтар да бар. ЖИ әзірлеушілердің жұмысын жеделдеткен соң, шұғыл функциялардың бір бөлігін дизайнсыз шығарып, макеттерін релизден кейін аяқтай бастаған. Жазылым лимиттері жаңа шектеуге айналған. «Бес сағаттық лимиттің жаңаруын күтіп отырмын… қолым байлаулы», — деген сұхбаттасушылардың бірі. Қырғызстандағы бір банкте корпоративтік Codex бүкіл компанияға берілген, ал үш дизайнердің біреуі ғана онымен жұмыс істейді.

«ЖИ шешімді кім қабылдайтынын өзгертпейді. Макетті тез құрастыруға болады, бірақ басымдықтарды бәрібір бизнес белгілейді», — дейді Кирдяев.

Өнімге ықпал еткісі келетін дизайнерге бес кеңес

Кирдяевтің өзі Ташкенттегі Uzum-да екі жыл жұмыс істеген, қазір Лондонда тұрады. Әріптестерімен әңгімеден ол бес кеңес түйген.

  1. Жұмысыңызды таныстырмай тұрып, шешімді кім бекіте алатынын немесе тоқтата алатынын анықтаңыз: директор ма, өнім менеджері ме, өз зерттеуі бар маркетолог па, әлде директордың артында тұрған министрлік пе.
  2. Шектеулерді жұмыстың басында сұраңыз: қай өрістер міндетті, оны кім белгілеген, пайдаланушының әрекет ету реті қандай жүйелерге тәуелді.
  3. Басшы сенетін дәлелдер ұсыныңыз. Зерттеуге бюджет болмаса, бәсекелестерден мысал келтіріңіз, нұсқаларды, жұмыс істейтін прототипті көрсетіңіз.
  4. Сізден бастама күтпейтіндей көрінсе де, бастама көтеріңіз.
  5. ЖИ-ді өз тапсырмаларыңызда қолданып үйреніңіз.

Сауалнама қалай жүргізілді

Кирдяев орыс тіліндегі сауалнаманы Telegram арналары мен LinkedIn арқылы таратып, жауаптарды 2026 жылғы 8–25 тамыз аралығында жинаған. 21 адам жауап берген: Қазақстаннан 10, Өзбекстаннан 6, Тәжікстаннан 3 және Қырғызстаннан 2 адам. Олардың 15-і — өнім дизайнері, төртеуі — дизайн жетекшісі немесе дизайн басшысы. 15–24 қазан аралығында ол 30–45 минуттан алты сұхбат өткізген: үшеуін Қазақстаннан, екеуін Өзбекстаннан, біреуін Қырғызстаннан қатысқан мамандармен.

Іріктеме шағын, қатысушылар кездейсоқ таңдалмаған. 12 қатысушы финтех пен банк саласынан, 11-і мыңнан астам қызметкері бар компанияларда жұмыс істейді. Автордың өзі бұл деректер нарықтың жалпы көрінісін көрсетпейтінін, олар арқылы елдерді салыстыруға болмайтынын және қатысушылар өз ықпалын асыра бағалауы ықтимал екенін ескертеді. Қатысушылардың аты-жөні жасырылған: тек қызметі, саласы мен елі көрсетілген. Сұхбаттасушылардың бірі — Кирдяевтің бұрынғы әріптесі.

Ал сіздің командада соңғы сөз кімде?

Материал ұнады ма? Басқалармен бөлісіңіз:

Picture of Раимбек Искендиров
Раимбек Искендиров
Picture of Раимбек Искендиров
Раимбек Искендиров

Ұқсас материалдар

Астанадағы университет кеңістігінде ноутбукпен жұмыс істеп отырған адам. Табиғи жарық, күнделікті жұмыс ортасы, мәтін мен ойдан шығарылған логотиптер жоқ.

AI

Қазақша нейрожелілер: қандай түрлері бар, кім жасады және неге аз қолданылады

Қазақша нейрожелілерді кім жасады, параметрі қанша және қайда қолданылады? KazLLM, AlemLLM, Oylan мен Sherkala-ға ...
Close-up of hands typing on laptop with an insurance document visible on the desk.

Шолулар

Қазақстанда 2030 жылға дейін сақтандыру жүйесі жаңарады: тұрғын үй, төлемдер және зейнетақы өнімдері

Қазақстандағы сақтандыруды жаңарту жоспары 2030 жылға дейінгі кезеңді қамтиды. Үш облыста тұрғын үйді сақтандыруды ...
Павлодар облысындағы дата-орталықтың құрылыс алаңы: алдыңғы қатарда каска киген жұмысшы, артында іргетастар мен құрылыс техникасы. Мәтінсіз деректі кадр.

Шолулар

Павлодар облысында қуаты 304 МВт болатын үш ДӨО-ны 2027 жылы іске қосу жоспарланған

ДӨО алқабы Павлодар облысында салынып жатыр. Қуаты 304 МВт үш орталықты 2027 жылы іске ...

Бізді Telegram және Instagram-да оқыңыз

Қазақстандық IT-индустриясының ең жаңа жаңалықтарын, гранттар мен тағылымдамалардың хабарландыруларын және эксклюзивті сұхбаттарды бірінші болып алу үшін біздің арналарымызға жазылыңыз Пояснение: