Америкалық пилотсыз әскери жүйелер өндірушісі Mach Industries тағы $600 млн тартып, $3,7 млрд көлемінде бағаланды. Бар болғаны үш айдың ішінде компанияның құны екі еседен астам өсті.
Стартап соққы жасаушы ұшқышсыз аппараттар, қашықтан соққы беретін оқ-дәрілер, дрондарды ұстап алушы құрылғылар, реактивті қозғалтқыштар және қатты отынды зымыран қозғалтқыштарын шығарады. Mach Industries негізін қалаушы және бас директоры Итан Торнтон небәрі 22 жаста.
2026 жылдың маусымында компания $1,8 млрд бағалаумен $300 млн тартқан болатын. Осылайша, кеңейтілген Series C раундының жалпы көлемі $900 млн-ға жетті.
Қаржыландыруға Ribbit Capital, Infinite Capital, Bedrock Capital және Sequoia қатысуда. Тартылған қаражатты компания жаңа жүйелерді әзірлеуге, өндірісті кеңейтуге және сынақ кезеңінен қару-жарақты сериялық шығаруға көшуге бағыттауды жоспарлап отыр.

MIT-ден — қорғаныс өнеркәсібіне
Итан Торнтон Mach Industries компаниясын 2023 жылы, 19 жасында құрған. Компанияны іске қосу үшін ол Массачусетс технологиялық институтындағы (MIT) оқуын тастап кеткен.
Торнтонның бастапқы идеясы сутегі негізінде қару жасау болатын. Алайда кейіннен Mach Industries өз қызметінің бағытын кеңейтіп, ұшқышсыз және зымырандық жүйелердің тұтас желісін әзірлеуге кірісті.
Қазір компания портфелінде бес негізгі платформа бар:
- Viper — жеке ұшыру қондырғысынсыз нысананы жоюға арналған, тік көтерілетін реактивті дрон;
- Glide — жоғары дәлдікпен соққы беруге арналған қолжетімді қалықтайтын оқ-дәрі;
- Stratos — байланыс, бақылау және жабдықтарды орналастыруға арналған биіктіктегі ұшқышсыз платформа;
- Pike — жаппай қолдануға арналған қашықтан соққы беретін оқ-дәрі;
- Dart — ұшқышсыз аппараттар мен дрон топтарын ұстап алуға арналған арзан тосқауылшы дрон.
Mach Industries кем дегенде үш жүйе 2026 жылдың ішінде өндіріске өтуі тиіс деп сендіреді. Компания АҚШ әскерімен, әскери-әуе күштерімен және арнайы операциялар күштерімен, сондай-ақ одақтас елдердің үкіметтерімен белсенді ынтымақтасады.
Мемлекеттік келісімшарттардың көпшілігінің құны мен көлемі көпшілікке жарияланбайды.

Стартап барлығын дерлік өз бетінше өндіргісі келеді
Mach Industries бизнес-моделінің негізінде тік интеграция жатыр. Компания аппараттарды әзірлеуді, қозғалтқыштар шығаруды, зымыран бөлшектерін өндіруді, сынақтарды және түпкілікті құрастыруды толық бақылауға ұмтылады.
Оның басты өндірістік нысаны — Калифорнияның Хантингтон-Бич қаласындағы ауданы шамамен 10,7 мың шаршы метр болатын кешен. Бұдан бөлек, компания штатта қосымша өндірістік және сынақ алаңдарын дамытуда.
Мамыр айында Mach Industries қатты отынды зымыран қозғалтқыштарын жасайтын Exquadrum компаниясын $50 млн-ға сатып алды. Келісімнен кейін бұл бөлімше Mach Energetics деп аталды.
Бұл бағыт стартаптың сыртқы жеткізушілерге тәуелділігін азайтуға тиіс. АҚШ-тағы зымыран қозғалтқыштары нарығын аз ғана ірі өндірушілер бақылайды, ал зымырандар мен әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелеріне сұраныстың артуы өндірістік қуаттардың тапшылығын тудырды.
Енді Mach Industries қозғалтқыштар мен бөлшектерді тек өзінің аппараттары үшін ғана емес, басқа да қорғаныс компанияларына сату үшін шығара алады.
Инвесторлар мұндай қомақты қаржыны неге салып жатыр
Соңғы жылдардағы қақтығыстар әскери өндіріс туралы түсінікті өзгертті. Қарулы күштерге жекелеген қымбат жүйелер емес, тез өндіруге және ауыстыруға болатын көп мөлшердегі салыстырмалы түрде арзан дрондар, ұстап алушылар мен оқ-дәрілер қажет.
Дәстүрлі қорғаныс корпорациялары көпжылдық әзірлеу циклдарымен және күрделі жеткізу тізбектерімен жұмыс істейді. Жаңа компаниялар басқа модельді ұсынады: прототипті тез жинап, сынақтан өткізу, келісімшарт алу және өндіріске дереу көшу.
Mach Industries жай ғана дрондардың жеке әзірлеушісі емес, жаңа буын қару-жарағының толыққанды өндірушісіне айналуға ұмтылуда. Сондықтан компания бір мезгілде ұшқышсыз жүйелерге, қозғалтқыштарға, зымыран кешендеріне және өзінің меншікті зауыттарына қаржы құюда.
Дегенмен $3,7 млрд бағалау әзірге ең алдымен инвесторлардың үмітін көрсетеді. Mach Industries өз табысын, өндірілген жүйелердің нақты санын және келісімшарттардың көпшілігінің қаржылық параметрлерін жарияламайды. Компанияға сан алуан прототиптерді жаппай әрі тұрақты сериялық өндіріске айналдыра алатынын әлі дәлелдеу керек.
Үш жылдың ішінде стартап 19 жастағы студенттің эксперименттерінен АҚШ-тың ең қымбат жас қорғаныс өндірушілерінің біріне дейінгі жолды өтті. Келесі кезең бұдан да күрделірек болмақ: ірі мемлекеттік келісімшарттар әзірлеу жылдамдығын ғана емес, сонымен бірге сенімділікті, сертификаттауды және мыңдаған бірдей жүйелерді шығару қабілетін талап етеді.
Дереккөздер: Mach Industries жаңа қаржыландыруы туралы хабарлама, компанияның ресми сайты мен әзірлемелер тізбесі, TechCrunch.
Тақырып бойынша оқыңыз:
- KenesAI: тұтынушы тәжірибесін талдайтын қазақстандық стартап Кремний алқабында 500 Global-дан $200 000 тартты
- Hero’s Journey: ойын мотивациясы бар қазақстандық фитнес-стартап $40 млн бағалаумен $6 млн тартты
- Alma: қазақстандық Әсел Төлеубаеваның стартапы АҚШ визалары мен грин-карталарын ресімдейтін AI-платформаға $5,5 млн тартты