Иллюстрация: ЖИ
Қазақстанда 2026 жылдың соңына дейін ұялы байланыс пен интернеттің қамту аясын көрсететін, баршаға қолжетімді картаны іске қосу жоспарланып отыр. Тұрғындар елді мекендерде қандай желілер барын тексеріп, e-Otinish арқылы байланыс мәселелері туралы хабарлай алады. Бұл туралы ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Телекоммуникациялар комитеті хабарлады (inbusiness.kz).
Не болды
Картада ұялы байланыстың әр буыны — 2G, 3G, 4G және 5G желілері, сондай-ақ талшықты-оптикалық интернет көрсетіледі. Деректер елді мекендер, операторлар және қосылу технологиялары бойынша бөлінеді. Бұл өңірлердегі байланыс инфрақұрылымының дамуын бақылауға мүмкіндік береді.
Сервис e-Otinish өтініштер жүйесіне қосылады: карта арқылы байланыс мәселелері жөнінде өтініш жіберуге болады. Өтініш уәкілетті органдарға түседі, олар оны заңда белгіленген мерзімде қарауға тиіс.
Бұл нені білдіреді
Қамту аясы желінің бар екенін көрсетеді, бірақ елді мекеннің әр нүктесінде интернет тұрақты жұмыс істейтініне өздігінен кепіл бола алмайды. Байланыс сапасына желіге түсетін жүктеме, жер бедері, құрылыс нысандары және абоненттің базалық станцияларға қатысты орналасуы әсер етеді. Сондықтан оператор желі қамтиды деп көрсеткен жерлердің өзінде жекелеген тұстарда мәселе болуы мүмкін.
«Желінің қамтуы мен байланыс сапасының нақты көрсеткіштері — әртүрлі сипаттамалар, оларды бөлек бағалау қажет», — деп хабарлады комитет. Министрлік байланыс қызметтерінің сапасын бақылап, мәселе бар учаскелерді анықтайды.
Комитет карта арқылы нақты мекенжайдағы байланыс сапасын тексеруге немесе операторлардың көрсеткіштерін салыстыруға бола ма, жоқ па — әзірге нақтыламады. Сондай-ақ ведомство операторлар анықталған бұзушылықтарды қандай мерзімде жоюы керегін және оларды жоймаған жағдайда қандай шаралар қолданылатынын айтпады.
Ауылдар туралы қандай деректер бар
Комитет дерегінше, Қазақстанда 6096 ауылдық елді мекен бар. 4497 ауылда 4G мобильді интернеті қолжетімді — бұл жалпы санның шамамен төрттен үші. Ведомство тағы 550 ауылда 3G, 509 ауылда 2G технологиясы барын көрсетті.
Бұл мәліметтер барлығы 5556 ауылды қамтиды. Қалған 540 елді мекен туралы дерек статистикада неге жоқ екенін комитет түсіндірмеді. Ведомство ұялы байланыс пен интернет сапасында мәселе бар ауылдардың санын да хабарламады.
Картаны қалай қаржыландырады
Картаны әзірлеуге және оған қызмет көрсетуге республикалық бюджеттен қосымша ақша бөлу жоспарланбаған. Жобаны Мемлекеттік радиожиілік қызметінің қолданыстағы жұмыс тетіктері арқылы қаржыландыру көзделіп отыр. Комитеттің мәліметінше, ұялы байланыс операторларынан да қосымша шығын талап етілмейді.
Картаны әзірлеу, іске қосу және одан әрі қызмет көрсету құны әзірге белгісіз: шығындар дайындық барысында анықталады. Оны 2026 жылдың соңына дейін іске қосу көзделген. Комитет нақты күнін және деректердің қаншалықты жиі жаңартылатынын әзірге атаған жоқ.