Фото: Jakub Zerdzicki / Pexels
Қазақстандық Higgsfield стартапы жасанды интеллект көмегімен түсірілген фильмдердің халықаралық байқауын қорытындылады. Аргентиналық Purga Studio бірінші орын алып, Listen to Meh фильмі үшін $500 мың иеленді. Ақшалай жүлделердің жалпы сомасы $2 млн болды. Бұл туралы компанияның тең құрылтайшысы әрі CEO-сы Алекс Машрабов LinkedIn-дегі жазбасында хабарлады (digitalbusiness.kz).
Не болды
Higgsfield Global Film Festival байқауына 176 елден 5 мыңға жуық жұмыс түсті. Қатысушылар Higgsfield Cinema Studio платформасында қысқаметражды фильмдер түсірді. 14 қатысушы жеңімпаз атанып, арнайы марапаттарға ие болды.
Жұмыстарды Эд Кэтмулл, Федон Папамайкл, Пол У. С. Андерсон және Алекс Пройас кірген қазылар алқасы бағалады. Машрабов олардың кәсіби тәжірибесі мен фильмдерге берген бағасы үшін бөлек алғыс айтты.
Тағы он автордың еңбегі құрметпен аталып, әрқайсысына $10 мыңнан берілді.
Бұл авторлар үшін нені білдіреді
Фестивальден кейін Higgsfield AI ЖИ-фильм түсіретін авторларға қаржылай қолдау көрсетуді жалғастырады. Машрабов Higgsfield Talent атты бөлек бағдарлама іске қосылатынын жариялады.
Бағдарлама марапатталған 14 қатысушының қатарына кірмеген, бірақ әлеуеті жоғары екенін көрсеткен авторларға арналған.
Келесі қадам — Higgsfield Talent
Talent бағдарламасына қазақстандық Higgsfield стартапы байқау жүлделеріне қосымша $1 млн-нан астам қаржы бөлуді жоспарлап отыр.
Байқаудың тәжірибе алмасуға да пайдасы тиді: Машрабовтың айтуынша, көптеген қатысушы өз жобаларын, промпттарын — ЖИ-ге арналған нұсқауларын — және жұмыс барысын ашық жариялады. Басқа авторлар осы материалдарды зерттеп, қатысушылардың тәжірибесін өз фильмдерінде пайдалана алады.