Иллюстрация: ЖИ
Америкалық EXIM Bank пен АҚШ-тың Халықаралық даму қаржы корпорациясы (DFC) Қазақстандағы вольфрам жобасына $1,6 млрд бөлуді әлі мақұлдаған жоқ. Bloomberg мәліметінше, несие берушілер Cove Kaz Capital жобасының болашағына және геосаяси тәуекелдерге алаңдайды. Ал компания қаржыландыруға ресми өтінімді 2027 жылы беруді жоспарлап отыр (kursiv.media).
Не болды
Жоспарланған қаржы екі бөліктен тұрады: EXIM Bank-тен $900 млн және DFC-ден $700 млн. 2025 жылы екі ұйым да жобаға қызығушылық танытатыны туралы хат берген. Бірақ бұл құжаттар тек бастапқы қызығушылықты растайды, қаржы бөлуге міндеттемейді.
Bloomberg хабарлауынша, несие берушілерді алаңдататын жайттардың бірі — Қазақстанның Қытаймен және Ресеймен көршілес болуы. DFC өкілі агенттікке корпорация қазір бұл мәмілені қарастырып жатпағанын айтты. Жоба бағалаудың төрт кезеңінің біріншісінде тұр.
EXIM Bank хатының мерзімі тамызда аяқталған, компания оны ұзартуды сұраған. Банк түсініктеме беруден бас тартты. Cove Kaz Capital америкалық шенеуніктер жобаны әлі де қолдап отырғанын айтады.
Бұл нені білдіреді
Мұнда бір маңызды жайт бар: қаржыландырудан біржола бас тартылған жоқ. Директорлар кеңесінің төрағасы Пини Альтхаустың айтуынша, өтінім 2027 жылы түпкілікті техникалық-экономикалық негіздеме аяқталған соң беріледі. Бұл зерттеу кен орнын игерудің қаншалықты орынды екенін көрсетуі керек. Альтхаустың сөзінше, оған дейін компанияға қарыз қаражат қажет емес.
Вашингтон үшін бұл жоба Қытай вольфрамына тәуелділікті азайтуға бағытталған. Бұл стратегиялық металл, соның ішінде, зымырандар мен артиллериялық снарядтар өндірісінде қолданылады. Дональд Трамп әкімшілігі жобаны қолдайды.
Өндіруді 2030 жылы бастауды жоспарлап отыр
Жобаның Қазақстандағы басты активі — Қарағанды облысындағы «Северный Катпар» кен орны. 2026 жылғы мамырда Cove Kaz Capital оны игеретін компанияның 70%-ын $114,8 млн-ға сатып алу мәмілесін аяқтады. Қалған 30%-ы «Тау-Кен Самұрық» арқылы «Самұрық-Қазынаға» тиесілі.
Компания сондай-ақ Kaz Resources атауымен Америка биржасына шығуға дайындалып жатыр. Оның есебінше, кәсіпорын толық қуатына шыққан соң әлемдегі вольфрам өндірісінің 15%-ына дейін қамтамасыз ете алады. Бұл — компанияның өз болжамы.
Қазір кен орнын зерттеу жалғасып жатыр. Өндіруді 2030 жылы, ал АҚШ-қа ұзақмерзімді жеткізілімдерді 2031 жылы бастау жоспарланған.