Фото: iMin Technology / Pexels
Қазақстанда 2027 жылы үш төлем сервисін іске қосу жоспарланып отыр: банкаралық төлем шоттары, маркетплейстерде карта деректерін енгізбей төлеу және QR-жапсырмалар. Олар Банкаралық мобильді төлемдер жүйесі арқылы жұмыс істейді, деп хабарлады Ұлттық банк төрағасының орынбасары Бинур Жаленов (profit.kz). Сатып алушылар төлемді өз банкінің қосымшасында растай алады.
Не болды
Жаленовтың айтуынша, үш сервис те техникалық жағынан дайын. Қазір банктер оларды қосып, өз жағындағы процестерді реттеп жатыр. Іске қосу 2027 жылға жоспарланған.
Жаңа мүмкіндіктер Банкаралық мобильді төлемдер жүйесін толықтырады. Бұл жүйе арқылы телефон нөмірімен ақша аударуға және әртүрлі банктің қосымшасында бірыңғай QR-кодпен сауда ақысын төлеуге болады. Ұлттық банк төрағасы орынбасарының айтуынша, сатып алушы үшін мұндай төлем тегін.
Сатып алушылар мен сатушылар үшін не өзгереді
Бірінші сервис басқа банктің клиентіне төлем шотын жіберуге мүмкіндік береді. Халықаралық тәжірибеде ол Request to Pay — төлем сұрауы деп аталады. Кәсіпкер немесе жеке тұлға шот жібереді, ал алушы оны банк қосымшасынан көріп, бір рет басып растайды.
«Деректемелерді айтып берудің немесе скриншот жіберудің қажеті жоқ. Бұл, мысалы, қызмет ақысын, жалдау ақысын немесе әлеуметтік желідегі тапсырыстарды төлеуге ыңғайлы», — деп түсіндірді Жаленов.
Екінші сервис интернет-дүкендер мен маркетплейстерге арналған. Сатып алушы банкаралық жүйе арқылы төлеуді таңдап, өз банкінің қосымшасына автоматты түрде өтеді де, төлемді растайды. Карта деректерін енгізудің қажеті болмайды.
QR-жапсырма қай жерде қажет болады
Үшінші сервис — статикалық QR, яғни жапсырмаға орналастыруға болатын код. Сатып алушы оны сканерлеп, соманы өзі енгізеді де, сатып алған затының ақысын төлейді.
Мұнда бір пайдалы тұсы бар: QR-жапсырманы кассалық терминал жоқ жерде қолдануға болады. Жаленов мысал ретінде автотұрақтар мен ХҚКО-ларды — халыққа қызмет көрсету орталықтарын атады. Мұндай код қоғамдық көлікте де, шағын саудагерлерге де қажет болады.
Шетелде сауда ақысын қалай төлеу жоспарланып отыр
Сонымен қатар Ұлттық банк жүйені басқа елдердің, соның ішінде Қытай мен Қырғызстанның төлем жүйелерімен байланыстырғысы келеді. Қосу жоспарланған елдердің қатарында Түркия мен Өзбекстан да аталды.
Осы жоспар бойынша қазақстандықтар шетелдік сатушылардың QR-кодтарын өздері үйренген банк қосымшасы арқылы сканерлей алады. Шетелдіктерге де Қазақстанда сауда жасау үшін осындай мүмкіндік беру көзделіп отыр.