Фото: Edgar Cherkasov / Pexels
Қазақстанда Отбасының цифрлық картасы арқылы қарт адамның өзге біреудің көмегіне қаншалықты тәуелді екенін анықтау жоспарланып отыр. Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектенов депутаттық сауалға берген жауабында хабарлады. Бағалау адамға қандай әлеуметтік, медициналық және оңалту қызметтері қажет екенін әрі оларды қаншалықты жиі көрсету керегін анықтауға көмектеседі (kursiv.media).
Не болды
Бектеновтің айтуынша, жүйеде қолдауға мұқтаж қарттарды анықтауға мүмкіндік беретін деректер бар. Келесі кезеңде адамның өзге біреудің көмегіне қаншалықты тәуелді екенін бағалау көзделген. Жүйе туралы толығырақ Отбасының цифрлық картасы үшін қандай деректер жиналатыны туралы материалдан оқуға болады.
Жаңа бағалау үшін денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау ұйымдары арасында дерек алмасу тетігін пысықтау жоспарланып отыр. Сондай-ақ әр адамның жеке қажеттіліктерін бағалау нәтижелерін ескеру және көрсетілген қызметтерді қадағалау көзделген. Бұл ретте қолданыстағы цифрлық жүйелердің функцияларын қайталау жоспарланбаған.
«Келесі кезеңде қарт адамның өзге біреудің көмегіне тәуелділік деңгейі анықталады», — деп хабарлады Бектенов.
Бұл нені білдіреді
Қазір әртүрлі ведомствоға ортақ, қарттардың жағдайын бағалаудың бірыңғай тәртібі пысықталып жатыр. Ол адамның өзіне-өзі күтім жасау және өз бетінше жүріп-тұру қабілетін, денсаулық жағдайы мен әлеуметтік ортасын ескеруі керек. Тағы бір өлшем — когнитивтік функциялар: есте сақтау, ойлау және басқа да ақыл-ой қабілеттері.
Бағалау нәтижесіне қарай көмек көлемі мен оны көрсету жиілігі анықталады. Сондай-ақ адамның жағдайы өзгерсе, қайта бағалау тәртібін белгілеу жоспарланып отыр. Осылайша, көрсетілетін қызметтерді қарт адамның жеке қажеттіліктеріне қарай белгілеу көзделген.
Үйде қандай көмек көрсету қарастырылып жатыр
Қазақстанда зейнеткерлерге үйде көрсетілетін қызметтер тізімін кеңейту қажеттігі де зерттеліп жатыр. Қарастырылып отырған нұсқалар арасында күнделікті тұрмыстық шаруаларға көмектесу және азық-түлік жеткізу бар. Бұған қоса, медициналық ұйымдарға барғанда және оңалтудан өткенде бірге еріп жүру көзделген.
Келесі қадам — дерек алмасу тетігі мен бағалаудың ортақ тәртібін пысықтау. Үйде көрсетілетін қызметтерді кеңейту де әзірге талқыланып жатыр: бұл — жоспарлар, көмек түрлерінің тізімі әлі іске қосылған жоқ.