Қазақстандық Armeta AI технологиялық стартапы беделді американдық Alchemist Accelerator (Сан-Франциско) бағдарламасына кіріп, америкалық-катарлық венчурлік қордан $1 млн көлемінде қаржыландыру раундын жапты. Компанияның негізін қалаушылар — Темірлан Рахметжанов (CEO), Санжар Рахметжанов және Нұралы Бақтығалиев (CTO).
ЖСҚ мен құрылыс нормаларын тексеруді автоматтандыру
Жобалық-сметалық құжаттаманы (ЖСҚ) және инженерлік жоспарларды келісу — құрылыстағы ең баяу және сыбайлас жемқорлық қаупі жоғары кезеңдердің бірі. Мыңдаған беттік сызбалар мен техникалық сипаттамаларды құрылыс нормативтеріне сәйкестігін қолмен тексеру айлап уақыт алады.
Armeta AI платформасы бұл мәселені мультиагентті AI-модельдер ансамблінің көмегімен шешеді:
- Сызбалар мен түсіндірме жазбаларды коллизиялар мен геометриялық сәйкессіздіктерге автоматты түрде сканерлейді;
- Жобалық шешімдерді ұлттық құрылыс нормалары мен стандарттарының (соның ішінде ҚНжЕ және АГСК базалары) талаптарымен салыстырады;
- Жобалық пакетті бастапқы тексеру уақытын 30 күннен бірнеше сағатқа дейін қысқартады.
Мемсараптамамен ынтымақтастық және халықаралық өсім
Қазақстанда жоба «Мемсараптама» РМК-мен бірлескен пилоттық сынақтарды бастады. Сонымен қатар компанияның заңды тұлғасы Armeta Inc. Сан-Франциско, Астана және Дохада кеңселерін ашты. Компания Хьюстонда өткен жаһандық CERAWeek форумы аясындағы беделді Energy Venture Day питч-байқауында жеңіске жетті. Раунд қаражаты АҚШ пен Парсы шығанағы елдеріндегі (Катар, Сауд Арабиясы, БАӘ) құрылыс компанияларына коммерциялық сатылымдарды кеңейтуге бағытталған.
Тақырып бойынша оқыңыздар:
- Introdex: қазақстандықтар Сингапурда іскерлік байланыстардың AI-платформасын құрып, $460 000 тартты
- KenesAI: клиенттер тәжірибесін талдайтын қазақстандық стартап Кремний алқабында 500 Global-дан $200 000 тартты
- RE:CREATE AI: вирусты трендтерді іздейтін қазақстандық жүйе $3 млн бағалау бойынша $250 000 тартты