Фото: LiveMotion
Владимир Евдокимов — психолог, когнитивті-мінез-құлықтық және диалектикалық-мінез-құлықтық терапевт. Ол презентация жасауға арналған бағдарламаны өзі жазған. Оның LiveMotion өнімі сөз мәтінін анимациялы слайдтарға айналдырады, ал көрсетілім кезінде спикердің дауысын тыңдап, слайдтарды өздігінен ауыстырады. Осы жобасымен Владимир Creative Shift бағдарламасының «Медиа, әдебиет және ЖИ» бағыты бойынша екінші кезеңіне өтті.
Creative Shift — Qazaq Creative ұйымының креативті индустрияларға арналған бағдарламасы. Екінші кезең — Астанада өтетін менторлық бағдарлама. Онда қатысушылар жобаларын инвесторлар мен серіктестерге ұсынуға болатын модельге дейін жетілдіреді. raem.kz бағдарлама қатысушылары туралы материалдар топтамасын жалғастырады.
LiveMotion қалай жұмыс істейді
Спикер сөйлейтін сөзінің мәтінін жүктейді, ал ЖИ оны тақырыптар, тізімдер, сызбалар мен дәйексөздерге бөліп, слайдтарға орналастырады. Көрсетілім кезінде браузердегі сөйлеуді тану жүйесі дауысты мәтінге айналдырады, ал бағдарлама оны сценариймен және тірек тіркестермен салыстырады.
«Слайдтарды қолмен ауыстырудың қажеті жоқ», — дейді Владимир. Оның айтуынша, спикер бір сөзді өткізіп жіберсе немесе сәл басқаша айтса да, жүйе оның мәтіннің қай тұсына келгенін түсінеді. Слайдтарды «келесі слайд», «артқа», «кідіріс» деген дауыстық пәрмендермен де, пернетақта, кликер немесе телефон арқылы да ауыстыруға болады.
LiveMotion тікелей браузерде жұмыс істейді, ештеңе орнатудың қажеті жоқ. Көрсетілім кәдімгі терезе арқылы, мысалы, Zoom-да жүреді. Интерфейс қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қолжетімді.
LiveMotion басты беті · Скриншот: LiveMotion
Іс жүзінде қалай көрінеді
Сөз сөйлеу сценарийі анимациялы слайдтар жиынтығына айналады. Одан кейін спикер жай ғана сөйлейді: тиісті слайд немесе тармақ ол сол туралы айта бастаған сәтте пайда болады. Онлайн сөйлесе, слайдтар браузердің кәдімгі терезесі арқылы көрсетіледі, оны Zoom-ға шығаруға болады. Ал сахнада сөйлеуші мәтініндегі тірек тіркестерді телефоннан немесе экраннан көріп отырады, слайдтардың ретін есте сақтаудың қажеті жоқ.
Қолмен басқару мүмкіндігі де сақталады: спикер артқа қайтқысы келсе немесе бір слайдқа ұзағырақ тоқталғысы келсе, мұны дауыспен, пернетақта, кликер немесе телефон арқылы жасай алады. Владимир бағдарлама қағазға қарап, мәтіннен ауытқымай сөйлеуді талап етпейтінін баса айтады: ол тірек тіркестерге сүйенеді және сөйлеуші мәтіннен ауытқыса да, жұмысын жалғастыра береді.
LiveMotion редакторы: сөз сценарийі мен слайдтар · Скриншот: LiveMotion
ЖИ көмегімен монтаждалған видеодан туған идея
Владимирдің негізгі мамандығы — психолог. Ол когнитивті-мінез-құлықтық және диалектикалық-мінез-құлықтық тәсілдермен жұмыс істейді, кеңес береді, сабақтар мен тренингтер өткізеді. Осы сабақтарға слайдтарды өзі әзірлейтін, презентация дайындау үнемі көп уақытын алатын. Идея YouTube-та Claude ЖИ-моделінің көмегімен монтаждалған видеоны көргенде пайда болған.
«Анимациялары маған қатты ұнады. Осындай анимацияларды тікелей сөз сөйлегенде, сабақ өткізгенде қолданса, керемет болар еді деп ойладым», — деп еске алады ол.
Бұған дейін ол презентацияларын NotebookLM-де жасайтын, бірақ бір шектеуге тап болды: дайын нәтижені қолмен түзету мүмкін емес еді. «Бір сөзді немесе суретті ауыстыру үшін қайтадан промпт жазу керек, ал нейрожелі «галлюцинацияға» ұрына бастайды», — деп түсіндіреді Владимир. LiveMotion-да мәтін мен суреттерді кәдімгі редактордағыдай түзетуге болады.
LiveMotion слайды: слайдтар сөз барысында пайда болады · Скриншот: LiveMotion
Өнім шешетін үш мәселе
Біріншісі — дайындыққа кететін уақыт: әдемі слайдтар дайын мәтіннен құралады, әр бөлшегін өзің түзете аласың. Екіншісі — спикердің назары. Сахнада немесе аудиторияда слайдтарды басып ауыстырып отыру ыңғайсыз, ал мұнда сөйлей беру жеткілікті: тірек тіркестер телефонда немесе экранда көз алдыңда тұрады.
Үшінші мәселе тыңдаушыларға қатысты. «Сабаққа барсаң, дәріскердің презентациясы тым жұпыны болып, назарыңды басқаға аударып жіберетін кездер жиі болады», — дейді автор. Оның ойынша, ұқыпты жасалған анимация назарды мазмұнға шоғырландырады.
Тыңдаушылар назарын жоғалтудың төрт нүктесі туралы слайд · Скриншот: LiveMotion
Кімге арналған және бағасы қанша
Негізгі аудитория — спикерлер: сөз сөйлейтін, сабақ беретін, тренинг өткізетін, есеп пен жоба қорғайтын адамдардың бәрі. Екінші аудитория — Instagram мен YouTube-та контент жасайтын авторлар. Көрсетілімге арналған мәтінге кез келген нәрсені енгізуге болады: сабақ қана емес, өнімге шолу, жарнама немесе шақыру да. Владимирдің өзі тренингтеріне видеошақыруларды осылай жазады: жазбаны қосып, камераға қарап бір дубльмен сөйлейді, ал камерадан түскен бейненің жанында анимация жүріп тұрады.
Келесі қадам — білім беру ұйымдары. Қазір негізін қалаушы өнімді нақты оқытушылармен және көбірек қолданушымен тексеру үшін оларды бета-тестке қосуға дайындалып жатыр.
Қазір өнім бета-тест кезеңінде, қатысу тегін, ал командада әзірге бір ғана адам — негізін қалаушының өзі бар. Нақты бағасын ол бета-тест қорытындысы бойынша атайды: юнит-экономиканы әлі зерттеу керек, толық көрініс тестілеу біткенде айқындалады. Бірақ негізін қалаушының айтуынша, өнімнің қымбат болмайтыны қазірдің өзінде түсінікті. «Мақсатым — оны мүмкіндігінше көп адам қолдана алатындай ету, сондықтан бағасы өте қолжетімді болады», — дейді Владимир.
Оның айтуынша, LiveMotion-ның PowerPoint, Keynote немесе Canva-дан айырмашылығы — бір міндетке ден қоюында: дауысқа ілесетін әдемі презентациялар жасау. «Canva-ны алайық: орасан зор, қуатты жүйе, бірақ мен онда неден бастарымды білмей қаламын, батырмасы тым көп», — деп салыстырады ол.
Автордың айтуынша, LiveMotion-да әртүрлі бағдарламаларда жеке-жеке кездесетін мүмкіндіктер бір жерге жиналған: әдемі үлгілер, анимациялар, дауыспен басқару және видео жазу. Ол негізгі айырмашылықты үш нәрседен көреді: қарапайымдылық, кликерсіз дауысқа ілесетін слайдтар және бәрін өзің түзете алатын жылдам жасау мүмкіндігі. «Осының бәрі бірігіп, өнімді өзіндік ерекшелігі бар әрі ыңғайлы етеді», — деп санайды Владимир.
LiveMotion-да тірі көрсетілімге дейінгі төрт қадам · Скриншот: LiveMotion
Creative Shift не берді
Владимир Creative Shift-ке төрт жобамен келіп, бір жобамен — LiveMotion-мен шықты. «Өзімді патшаның қонақасына тап болғандай сезіндім: дастарқан дәмнен қайысып тұр, ал мен соның аз ғана бөлігін жей аламын», — деп сипаттайды ол бағдарламаны. Бұған дейін стартаптар әлемі ол үшін бөлек, параллель ғаламдай болған, ал бағдарламадан кейін, өзінің айтуынша, ойы «ретке келген».
Оның айтуынша, мұндай бағдарламалар стартаптар әлеміне енуге, оның қалай жұмыс істейтінін түсінуге, жобаны дамыту стратегиясы мен жоспарын құруға мүмкіндік береді. Ол осындай бағдарламаға тағы бірнеше рет қуана қатысатынын айтады.
Менторлық бағдарламадан ол осы жолдан өтіп қойған адамдардың көзқарасын күтеді: сату моделін қалай құруға және инвесторлар алдында сөз сөйлеуге қалай дайындалуға болатынын білгісі келеді.
Жоспарлар
Жобаның алдағы бір жылға үш міндеті бар: екінші турда әлеуетті инвесторлар алдында сөз сөйлеу, бірнеше оқу орнымен бірге кеңейтілген бета-тестті іске қосу — өнімнің жүктеме артқанда қалай жұмыс істейтінін көру, нәтижелерді талдап, қажет тұстарын жетілдіру — және өнімді білім беру ұйымдарына жазылым арқылы ұсына бастау. Негізін қалаушының айтуынша, инвестиция алдымен Қазақстан нарығына, содан кейін елден тыс нарыққа шығу үшін қажет.