Бұл көрсеткіш алаңдатарлық көрінеді: 2025 жылдың екінші тоқсанында hh.kz сайтында IT саласындағы бәсекелестік индексі 12 болса, 2026 жылдың екінші тоқсанында — 24,5-ке жеткен. Алайда бұл әрбір бос орынға нақты түйіндеме жіберген адамдардың саны емес. RAEM.KZ бұл статистиканың шын мәнінде нені көрсететінін анықтап көрді.
hh.kz платформасында ақпараттық технологиялар саласынан жұмыс іздеушілер үшін бәсеке тартысты бола түсті. Платформаның 2026 жылдың екінші тоқсанына арналған есебінде бәсекелестік индексі бір бос орынға 24,5 түйіндеме деп көрсетілген. Бұл барлық кәсіби салалар бойынша орташа көрсеткіштен (15,9) айтарлықтай жоғары.
Бір жыл бұрын осыған ұқсас тоқсандық есепте IT саласы үшін бұл индекс 12 деп белгіленген еді. Дәл осы екі көрсеткішті салыстыру «бәсекелестік екі есе өсті» деген жаңалықтың шығуына негіз болды. Алайда жарияланған деректерде қайшылық бар, оған төменде тоқталамыз.
24,5 түйіндеме — бір сұхбаттасуға келген 24 адам деген сөз емес
hh.kz индексі белгілі бір кәсіби саладағы түйіндемелер мен бос орындардың жалпы санын салыстырады. Ол нақты бір хабарландыруға қанша үміткер өтінім бергенін және олардың қаншасы жұмыс берушінің талаптарына сәйкес келетінін көрсетпейді.
«Ақпараттық технологиялар» саласының өзі тек бағдарламалаумен шектелмейді, әлдеқайда ауқымды. Оған әзірлеушілер, дизайнерлер, техникалық қолдау мамандары, жоба жетекшілері, аналитиктер және басқа да қызметкерлердің бос орындары кіреді. Сондықтан жалпы индекс арқылы жекелеген junior-әзірлеушінің, тестілеушінің немесе тәжірибелі инженердің жұмысқа орналасу мүмкіндігін анықтау қиын.
hh.kz-тің 2025 жылғы IT-мамандықтар бойынша бөлінісі бір ғана саланың ішінде сұраныстың қаншалықты әртүрлі болатынын айқын көрсетеді. Мәселен, бағдарламашылар мен әзірлеушілерге арналған бос орындар саны 2024 жылмен салыстырғанда 10,7%-ға төмендесе, бизнес-аналитиктерге арналған бос орындар 29,8%-ға өскен. Бұл өткен кезеңнің деректері болғанымен, бүкіл IT саласын бір ғана санмен сипаттау неліктен жеткіліксіз екенін жақсы түсіндіреді.
Ұсыныстар азайды, түйіндемелер көбейді
2026 жылдың екінші тоқсанындағы есебінде hh.kz IT санатындағы бос орындар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,2%-ға қысқарғанын көрсетеді. Ал белсенді түйіндемелер саны, керісінше, 15,3%-ға артқан. Қос өзгеріс те бәсекелестікті күшейте түседі: жұмыс іздеушілер көбейіп, алаңдағы ұсыныстар азаюда.
Жұмыс берушілердің IT-бос орындарында көрсеткен медианалық жалақысы 352 636 теңгені құрады. Бұл хабарландыруларда ұсынылған сома, яғни Қазақстандағы барлық IT-мамандардың нақты тапқан кірісі емес. Бұл көрсеткіш әртүрлі мамандықтар мен тәжірибе деңгейлерін біріктіріп тұр. Бұл деректердің қайнар көзі — hh.kz-тің тоқсандық есебі.
Есептерде сәйкессіздік бар
Сандарды салыстыру кезінде маңызды бір деталь анықталды. hh.kz есептерінде IT саласының индексі 2025 жылдың екінші тоқсанында 12, ал 2026 жылдың екінші тоқсанында 24,5 деп көрсетілген. Мұндай салыстыру шамамен 104%-дық өсімді көрсетеді. Дегенмен 2026 жылғы есептің өзінде бұл санат үшін өсім 29,6% деп жазылған.
Жарияланған материалдар бұл пайыздардың неліктен сәйкес келмейтінін түсіндірмейді. Сондықтан есептеу әдістемесі өзгермеген жағдайда бәсекелестік дәл екі есе өсті деп кесіп айту қиын. 2026 жылдың екінші тоқсаны үшін расталған нақты көрсеткіш — 24,5 индексі; ал оның жылдық өсімінің нақты масштабы hh.kz өкілдерінен нақтылауды талап етеді.
Бұл деректер бос орындардың жасанды интеллектке байланысты жойылып жатқанын да дәлелдемейді. Есеп тек бір платформадағы хабарландырулар мен түйіндемелер санының өзгерісін көрсетеді, бірақ оның себебін нақтыламайды.
Жұмыс іздеуші үшін қортынды даурықпа тақырыптардан әлдеқайда сабырлы: нақты бос орындардағы өз мамандығыңызға, қалаңызға, қойылатын талаптар мен жалақыға қарау керек. Жалпы индекс тек IT нарығындағы бәсекенің артқанын аңғартады. Бірақ ол жұмысқа нақты кімнің қабылданатынын шешпейді.